Фото: Akorda.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр, мемлекеттік органдар басшылары және өңір әкімдерімен өткізген кеңесі барысында ескерткіш орнату мәселесін сынға алды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Соңғы кезде бір аймаққа ғана белгілі адамдарға ескерткіш орнату сәнге айналды. Жергілікті ономастика комиссиялары бұған жол бермеуге тиіс. Орынсыз шешімдерге Республикалық комиссия тосқауыл қоюы керек. Әркім өз бабасына ескерткіш қоя берсе, елде рушылдық, жершілдік белең алады. Осыған назар аударыңыздар.
Кеңестік кезең қайраткерлеріне, соның ішінде жаппай қуғын-сүргінге тікелей қатысы бар адамдарға ескерткіш, бюст орнату ісі әлі жалғасып келеді. Өмірде болмаған ерлік істерге толы өмірбаяндар ойдан құрастырылып жатыр. Олар туралы деректер архив құжаттарында нақтыланбаған немесе мүлде жоқ. Кейбір белсенді топтар азаматтарымызды кеңестік кезеңдегі партия және мемлекет қайраткерлерінің аңызға бергісіз өмірбаяндарына сенуге мәжбүрлеп жүр", – деді Мемлекет басшысы.