29 қар, 2020 сағат 16:00

Архив қызметкерлері еңбекақысын көтеруге 2,8 млрд теңге қаралған

ҚР Үкімет басшысы Асқар Мамин ұлттық архив қорын қалыптастыру мен сақтауға қатысты атқарылатын шаралар туралы айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Үкімет заманауи архив қызметін құруға ерекше назар аударып отыр. Осы бағыттағы мамандықтың мәртебесін көтеру үшін биылғы қаңтардан бастап 2 мыңнан астам архив қызметкерінің еңбекақысын көтердік. Республикалық архив қызметкерлерінің жалақысы - 50 пайызға, өңірлік архив қызметкерінің жалақысы - 35 пайызға өсті. Бұл мақсатқа 2020-2022 жылдардағы республикалық бюджеттен 2,8 млрд теңге қарастырылды» делінген Асқар Маминнің сенаторлардың депутаттық сауалына берген жауабында. 

Үкімет басшысының айтуынша, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Электронды құжаттардың бірыңғай архиві» ақпараттық жүйесін құру жұмысы атқарылып жатыр. 

Осы жүйені іске қосу мемлекеттік архивтердің жұмысын толықтай автоматтандыруға, еліміздің ұлттық архив қорының электронды құжаттарын ұзақ мерзімде сақтауға мүмкіндік береді.