Аргентина вице-президенті Кристина Фернандес де Киршнерге жасалған шабуыл видеоға түсіп қалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Daily Mail басылымына сілтеме жасап.
Ол қастандық әрекетінен аман қалды. Белгісіз ер адам оның бетіне тапанша тақаған.
Оқиға 69 жастағы де Киршнер Буэнос-Айрестегі үйінен шығып келе жатқан кезде болған. Ол бұдан бір күн бұрын 2007-2015 жылдар аралығында президент болған кезінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты деп айып тағылған сот отырысына қатысқан. Вице-президент өзіне тағылған барлық айыпты жоққа шығарды.
Оған қару тақаған 35 жастағы ер адам екені анықталды. Ол - Бразилия азаматы. Кадрларда оның көпшілік арасында тұрып, 32 калибрлі "Берса" тапаншасын Киршнерге бағыттағанын, бірақ оқ атпағанын көруге болады. Ер адамды күзет қызметкерлері ұстап, қамауға алған.
Елдің қазіргі президенті қастандық әрекетті Аргентинада 1983 жылы демократия қалпына келтірілгеннен бергі ең сорақы оқиға деп атады.