28 мам, 2021 сағат 17:33

Әр адам еліміздің тұрақтылығын сақтаудағы жауапкершілігін сезінуі керек - Балаева


Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінде жас тарихшылармен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Baq.kz агенттігі.

Біз Президент жанындағы архивпен тығыз жұмыс істеуге дайынбыз. «Рухани жаңғыру» институты мен жастар институты бар. Сол арқылы бірсыпыра бірлескен жобаларды бастасақ болады. Қазір бізде көбі пікір білдіреді. Бірақ соның жауапкершілігін түсінбейді. Алайда біз көпұлтты мемлекет болғаннан кейін ең бастысы әр адам еліміздің тұрақтылығын сақтаудағы жауапкершілігін сезінуі керек. Сондықтан ұлтаралық тұрақтылық біз үшін өте маңызды, - деді Балаева.

Министр атағандай, көпұлттылық Қазақстан үшін тарихи қалыптасқан дүние.

Сол тарихты біз жастар арқылы ашуымыз керек. Жастар ізденіп, тарихты насихаттауы керек. Мен ішкі саясат басқармасында жұмыс істегенде Ақмола өңіріне келген этностардың тарихын зерттедік. Ол бойынша шағын кітап та шығардық. Лев Гумилев атындағы ЕҰУ-дің жас ғалымдарымен бірге жүзеге асырған едік. Онда облыстың архивтерінен табылған мағлұматтар жинақталды. Архив арқылы Ақмола өңіріндегі әр отбасының тарихын айтуға болады. Өзімен қанша қаражат пен мүлік, мал болды, құжаттар мен бала саны сынды мәліметтер архивтерде айқындалып жазылған. Құжаттар арқылы тарихты зерттесек, әр қазақстандық саяси тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді, Тәуелсіздікті басқа деңгейде қабылдайтын еді, - деді Аида Балаева.

Айта кетейік, кездесуге жас тарихшылар мен ғалымдар, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссияның өкілдері, ғылыми-зерттеу орталықтарының, мұрағаттар мен музейлердің қызметкерлері қатысты.