Әлеуметтік желілерде журналист әрі блогер Махамбет Әбжанның отбасы мүшелерінің банк шоттарына шектеу қойылғаны туралы ақпарат тарады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұл деректің жалған екенін мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Күдікті М. Абжанның отбасы мүшелерінің, оның ішінде оның кәмелетке толмаған балаларының банктік шоттарында орын алған «шектеулер» туралы ақпараттың Telegram-арналардың бірінде таратылуына байланысты, бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлаймыз.
Тергеу аясында күдіктінің өзінің ғана банктік шоттарына шектеулер қойылды.
Жалған ақпарат қоғамдық пікірді басқару және тергеуге әсер ету мақсатында таратылады. Азаматтардан ресми ақпарат көздерінен алынған ақпаратқа сенуді сұраймыз" - делінген ведомство мәлімдемесінде.
Еске салайық, 3 шілдеде Махамбет Абжан кәсіпкерден 50 миллион теңге бопсалады деген күдікпен қамауға алынған.