Полиция генерал-майоры Нұрлан Мәсімов пара алды деген күдікке ілінді. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет хабарлады.
"Павлодар облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Павлодар облысы Полиция департаментінің экс-бастығы полиция генерал-майоры Мәсімовке қатысты аса ірі мөлшерде пара алды деген күдікпен соталды тергеуді бастады (Қылмыстық кодекстің 366-бабы 4-бөлігі бойынша).
Осы факт бойынша оның іс-әрекеті сырттай сараланып, тергеу соты "күзетпен ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасымен санкциялады", - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта Мәсімовке іздеу жарияланған.
"Іс бойынша оның орналасқан жерін анықтау бойынша қажетті жедел-іздестіру іс-шаралары және істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған басқа да тергеу іс-әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижелері бойынша тиісті іс жүргізу шешімі қабылданады", - делінген хабарламада.