"Алтын Орда" базарында ұялы телефон ұрлығы үшін болған төбелестен кейін комаға түскен 23 жастағы жігіт ауруханада қайтыс болды. Марқұмның артында жүкті әйелі қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы.
Бұдан бұрын желіде Алматының "Алтын Орда" базарында екі жігіттің арасында болған жанжалдың видеосы тараған еді. Кадрдан жігіттердің бірі екіншісін жібермей, ұялы телефонды қайтаруын сұрап жатқанын аңғаруға болады. Алайда күдікті қарсыласына екі рет жұдырық жұмсап, оқиға орнынан кетіп қалады. Полицейлер қақтығыстың екі қатысушысының жеке басын анықтап, аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғады. Жәбірленушінің Талғар ауданының 23 жастағы тұрғыны екені белгілі болды.
"Науқас 14 маусым күні кешкісін ағасымен бірге ауруханаға келді. Ол "Алтын Орда" базарындағы төбелестен жарақат алғанын жеткізді. Толық тексеру жүргізіліп, басына КТ жасалды. Науқасқа сол жақ бетінің сүйегінің сынуы, мұрын сүйектерінің сынуы және мұрынның қисаюы диагнозы қойылды. Мекемеге жақ-бет хирургтары, невропатологтар шақырылды. Ісінуге қарсы ем-шара жүргізілді. Науқас жақсарған соң 20 маусымда ауруханадан шығардық", - деді A Class Medical баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлжан Қойшыбаева.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 20 маусымда науқас Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасына түсіп, бүгін, 8 шілдеде таңертең қайтыс болды.
Өңірдің полиция департаменті жәбірленушінің қайтыс болуын ескеріп, қылмыстық істі қарау бабын өзгерут туралы мәселе қарастырылып жатқанын атап өтті.
"Факт бойынша Қылмыстық кодекстің 191-бабы ("Тонау") бйоынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу материалдарында жәбірленуші ретінде Талғар ауданының 23 жастағы тұрғыны болған, ол осы уақытқа дейін ауруханада емделіп жатты. Бүгін таңертең жәбірленушінің қайтыс болғаны анықталды. Осыған байланысты қосымша тергеу іс-әрекеттері ұйымдастырылды, оның нәтижесінде қылмыстық істі қайта саралау туралы мәселе қаралатын болады", - деп түсіндірді ведомствоның баспасөз қызметі.