Елордалық полиция қызметкерлері Алматыда тонауға қатысы бар күдіктіні ұстады. Тінту кезінде Алматы облысының 20 жастағы тұрғынынан ноутбук пен бірнеше iPhonе ұялы телефоны тәркіленді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасай отырып.
Полиция мәліметінше, Алматы облысының 20 жастағы тұрғыны Нұр-Сұлтанға жеке таксимен жеткен. Елордаға келген жас жігіт сауда үйлерінің бірінде Iphone 13 маркалы ұялы телефонын өткізіп, 380 мың теңге пайда көрген.
"Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері тонауға қатысы бар күдіктіні Ұлы Дала даңғылындағы жалдамалы пәтерде ұстады. Пәтерді тінту барысында НР маркалы ноутбук, Алматыдағы "Белый ветер" дүкенінен ұрланған iPhonе 11, iPhonе 6 маркалы ұялы телефондары табылып, тәркіленді", - делінген хабарламада.
4 қаңтарда күдікті Алматыдағы компьютер клубында, яғни жұмыс орнында болғаны анықталды.
Полиция мәліметінше, танысынан жақын маңдағы "Белый ветер" дүкені тоналғанын білген жас жігіт қоймаға барып, 4 iPhonе 11 және iPhonе 13 ұялы телефонын және НР маркалы екі ноутбукты ұрлап кеткен. Ұрлық жасалғаннан кейін келесі күні 20 жастағы жігіт Алматыдан елордаға кетіп қалған.
Қазір бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғаны айтылды. Күдікті ДП УҰИ-ға қамауға алынған.
Сондай-ақ, жедел іс-шараларды өткізу кезінде сатып алушы анықталды, одан iPhone 13 ұялы телефоны алынды.
Полиция департаменті азаматтардан құнды заттар мен техника сатып алу туралы күдікті ұсыныстарға сақ болуын ескертті. Тауарларды сатып алған кезде сатушыдан чек немесе кепілдік талонын сұрауға кеңес берілді. Ал күдік туындаған жағдайда полицияға хабарласу керек екені айтылды.
1733 рет оқылды