05 сәу, 2022 сағат 18:53

Алматылық тағы бір пранкер қамауға алынды


Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында К. есімді азаматқа қатысты ұсақ бұзақылық бойынша іс қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сот барысында анықталғаны, алматылық тұрғын әлеуметтік желіде пранкер ретінде өзінің көрермендерін көбейту мақсатында «Магнум» сауда дүкенінде видео түсірген. Онда пранкер беліне дейін киімін шешіп тастап, жалпыға ортақ этиканы сақтамай «Буратино» іш!» деп айқайлаған. Осы әрекетімен ол айналасындағыларды сыйламайтындығын білдіріп, қоғамдық тәртіп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзған.

«Сот мәжілісінде К. есімді азамат өзінің әкімшілік құқық бұзушылық жасағанын толық мойындап, іс әрекетіне өкінетінін жеткізді. Сот қаулысымен кінәлі азаматты 15 тәулік мерзімге қамауға алу түріндегі әкімшілік шарасы тағайындалды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ», - делінген соттың хабарламасында.