08 қар, 2021 сағат 12:53

Алматыдағы тұрғын үйлердің бірінде қызды өлтіріп, артынан өртеп жіберген


Алматыдағы тұрғын үйлердің бірінде қызды өлтіріп, артынан өртеп жіберген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарады.

«Алматыда Достық, 138, «Латифа» тұрғын үй кешенінде қызды өлтірді. Алдымен буындырып өлтіріп, артынан өртеп жіберген. Бұл туралы үндемей қалмаңыз! Қазір учаскелік полицейлер оның жезөкше болғанын айтып жатыр», - делінген хабарламада

Алматы қалалық Полиция департаменті кісі өлтіру фактісін растады.

«Аталған факт ҚР ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігі «Адам өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді және Медеу аудандық полиция басқармасының өндірісінде. Арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Күдіктінің кім екені анықталды. Оны ұстауға бағытталған іс-шаралар кешені жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады полициядан.

Сонымен қатар, Полиция департаменті жәбірленушінің жеңіл жүрісті әйел екендігі туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын атап өтті.

Қылмыстың мән-жайы мен себептері анықталуда.