Оқиға туралы әлеуметтік желідегі парақшасында Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы.
Депутат Садық Жанықұл есімді азаматтың басынан өткен видеоны жариялады. Әлгі азамат Алматыдағы Rahat Palace қонақ үйіне келген. Алайда оған сол жердегі қызметкердің бірі «қазақша қызмет көрсетпейтінін» айтқан көрінеді. Видеода қонақүй қызметкерінің бұрылып кетіп бара жатып, «вы не имеете право снимать меня» деген сөзін естуге болады.
Видеоны бөліскен Қазыбек Иса бұл жәйттің Қазақстанда шұғыл Мемлекеттік тілді міндеттейтін заң қабылдау мемлекеттің міндеті екенін айғақтап тұрғанын жазады.
«Жарайсың, Садық бауырым! Бәрі өте сауатты да, жауапты! «Орысша сөйле! Орыс тілі мемлекеттік тіл» дейтіндей орыс тілі міндетті мемлекеттік тіл болып тұр ғой сонда біздің елде, биліктегілердің қалауымен және шындықты жасырып, жабуымен! Өте дұрыс, өзекті мәселе көтеріп отыр Садық бауырымыз. Садық Жанықұл негізі ағылшын, араб, түрік тілдерінен бастап 6 тіл біледі орыс тілін білмесе де. Ол мемлекеттік тілдің намысын қорғап тұр. Бәріміз осылай Мемлекеттік тіл қорғаны болуымыз керек», - дейді Қазыбек Иса.