08 там, 2022 сағат 17:34

Алматыдағы әйел мен екі баланың өлімі: прокурорлар істі өз бақылауына алды

Фото: Tengrinews.kz

Алматы прокурорлары "Спутник" тұрғын үй кешеніндегі ана мен екі баланың өліміне қатысты істі бақылауға алды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Ведомство мәліметінше, марқұм 34 жастағы әйел мен оның 2015 және 2020 жылы туған балаларының денесінде зорлық белгілері табылған.

"Полиция департаменті адам өлтіру дерегі бойынша соталды тергеуді бастады, оның аясында тергеу және жедел-іздестіру шараларының толық кешені жүргізіліп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалып, бейнематериалдар зерделеніп, куәгерлерден жауап алынады.

Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес соталды тергеудің өзге деректері жария етілмейді. Қылмыстық істі тергеуді қалалық прокуратура ерекше бақылауға алды", - деді ведомство өкілдері.

Еске салайық, оқиға 6 тамызда "Мамыр" шағынауданындағы пәтерлердің бірінде болған. Полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Арыстанғани Заппаров тергеуді жеке бақылауына алды.