Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде қалада жұмыс орындарын құру және индустриялық жобаларды іске асыру шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мегаполис әкімі Б. Сағынтаев мәлім еткендей, 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Алматыда 77,6 мың жаңа, соның ішінде 36,9 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Кәсіпкерлік субъектілер 29,8 мың жұмыс орнын ашты.
«Алматы әкімдігі жүзеге асырған дағдарысқа қарсы шаралар пакеті азаматтардың жұмыс орындары мен кірістерін сақтауға,шағын және орта бизнесті қолдауға, өндірістік тізбектегі жаңа тапсырыстарды ынталандыруға бағытталған», - деп атап өтті Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Барлық мемлекеттік бағдарлама аясында 47,8 мың жұмыс орны құрылды. Оның ішінде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша –18 648 орын, «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» – 21 689, «Бизнестің жол картасы - 2025» – 3 540, «Қарапайым заттар экономикасы» –1 419, өңірлерді дамыту –824, «Нұрлы жер» – 455, индустриялды-инновациялық даму – 869, білім мен ғылымды дамыту – 70.
«Бизнестің жол картасы - 2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 102 млрд теңгемен 556 жобаға қолдау көрсетілді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 1,4 мың тұрақты жұмыс орнын құру арқылы 121,2 млрд теңгемен 66 жоба мақұлданды.«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша ағымдағы жылы 21,7 мың жұмыс орнын құру арқылы 228 жоба жүзеге асырылуда. Соның ішінде Жұмыспен қамту орталығы арқылы шамамен 10,7 мың адам еңбекпен қамтылды», – деп атап өтті әкім.
Сонымен қатар,ол Алматының Индустриалды аймағында 6,5 мың жұмыс орнын құрумен 200 млрд теңгеге 53 жоба жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Бүгінгі таңда 2348 жұмыс орнын құрумен 63,5 млрд теңгеге 13 жоба іске асырылды. Жыл соңына дейін тағы 453 жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ 17,3 млрд теңгеге 6 жобаны іске қосу жоспарда.