Алматыда өрт сөндіру құралымен көшеде елді шошытқан блогер әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бір топ жігіт бұған дейін Алматы метросында пранк түсіргені үшін жазаға тартылған болатын. Тәртіпті қайта бұзған тиктокерлер бұл жолы әкімшілік жазамен қамауға алынды.
«1999 жылы туған К.С.Әлиақбаров, 2002 жылы туған А.С.Армиянов және оператордың (қазіргі уақытта жеке басы анықталып жатыр) іс-әрекеттері ҚР ӘҚбК-нің 434 бабы – ұсақ бұзақылық бойынша квалификацияланды. Армиянов алдында метрода әуендік колонкамен жасалған пранктерге қатысқан және осыған дейін ҚР ӘҚбК-нің 434-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл әрекеттер айыппұлды немесе әкімшілік қамауға алуды көздейді. Жинақталған әкімшілік іс жүргізу материалы шешім қабылдау үшін сотқа жолданды», - деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Рүстем Әбдірахманов.
Полиция өкілінің айтуынша, мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысымен К.С.Әлиақбаров (бейнетаспада қолында өрт сөндіргіші бар) әкімшілік қамауға алу түріндегі жауапкершілікке тартылды. А.С.Армияновқа және операторға қатысты тексеру жалғасуда.
Айта кетейік, олар осыған дейін Алматы метросында үлкен колонкамен музыка дауысын қатты қойып, пранк жасағаны үшін жауапқа тартылған болатын.