02 қаз, 2020 сағат 11:54

Алматыда жолдың қарсы бағытымен жүрген жүргізуші жазаланды

Алматыда Абай даңғылының бойында қарсы бағытпен жүрген «BMW» көлігінің жүргізушісі жазаланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, 1989 жылы туған Т. есімді азамат, Абай даңғылымен батыс бағытта келе жатып, қарсы бағытта бірнеше метр жүрген.

«Сергек» камераларының көмегімен патрульдік полиция полкінің қызметкерлері жүргізушінің бағытын қадағалап, жол ережесін бұзған азаматты анықтады. Ол Талдықорған қаласына асығып кетіп бара жатқан екен. Алайда, бұл құқықбұзушыға жауапкершіліктен жалтаруға көмектеспеді. Ол ҚР ӘҚбК-нің 596-бабы 3-бөлігі, ҚР ӘҚбК-нің 601-бабы 1-бөлігі, ҚР ӘҚбК-нің 606-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапқа тартылды», – деді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Манап Саттаров.

Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен жүргізуші алты ай мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды.

Шаһар полицейлері жүргізушілерге жол ережелерін қатаң сақтауға шақырады.