14 қаз, 2020 сағат 10:38

Алматыда жасырын жұмыс істеген онлайн-казино анықталды

Алматыда жасырын жұмыс істеген онлайн-казино анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті Алматы қаласында жасырын электронды казинолардың заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырумен айналысқан қылмыстық топ әрекетінің жолын кесті. Жедел-іздестіру іс-шараларын іске асыру барысында қала аумағында 10 мекемеден тұратын жасырын онлайн-казино жүйесінің жұмыс істейтіні анықталды», делінген хабарламада. 

Сонымен, 2020 жылғы 6 қазанда көрсетілген заңсыз әрекеттердің жолын кесу нәтижесінде жедел-тергеу тобы бір ғана жасырын мекемеден
50-ден астам ойын жабдығын тапты, қылмыстық әрекеттен алынған кірістің сомасы тәулігіне 20 млн теңгеден асқан. 

«Құмар ойындарын ұйымдастыру және өткізу үшін қылмыстық топ заңсыз әрекетке шамамен 50 адамды қызмет көрсету персоналы ретінде тартқан.

Осы факт бойынша ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті ҚР ҚК 307-бабының 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғады», делінген хабарламада.