16 қар, 2020 сағат 10:18

Алматыда жасөспірімді жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген әйел ұсталды

Ішкі істер министрлігі ел аумағында «Стоп-трафик» жедел алдын алу шарасын өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бұл шараның мақсаты – адам саудасына, жеңгетайлыққа, адамды мәжбүрлі еңбекке тартуға қатысты қылмыстардың бетін ашу. Акция барысында адам саудасының түрлері, мәжбүрлі еңбек пен сексуалды құлдыққа қарсы күрес шараларына қатысты ақпараттандыру жұмысына баса мән берілді. Үш күннің ішінде бұл бағытта 65 қылмыс тіркелді. Атап айтқанда адам саудасына қатысты 6, мәжбүрлі еңбекке тартуға қатысты 1 қылмыс анықталды», - деді баспасөз мәслихатында ІІМ баспасөз қызметінің қызметкері Кәміл Ғалиев.

Сонымен қатар акция барысында полиция қызметкерлері жезөкшелердің 48 притонын анықтаған. Жезөкшелікке тартудың 10 жағдайы (олардың біреуі кәмелетке толмаған) тіркелген. 

Полиция өкілі нақты мысалды келтірді.

«Алматыда екі бойжеткенді алдап, қорқытып жезөкшелікке тартты деген күдікпен 26 жастағы әйел ұсталды. Оның Қызылорда облысының тумасы екені белгілі болып отыр. Зардап шеккендердің бірі кәмелетке де толмаған. Полиция бұл фактіні әлеуметтік желілерді талдап отырған кезде анықтады. Әлгі бойжеткен интимді қызмет көрсететіні туралы хабарлама беріп отырып ұсталған», - дейді ол.

Күдікті ҚР Қылмыстық кодексінің 134-бабы (кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тарту) және 308-бабы (жезөкшелiкпен айналысуға тарту) бойынша жауапқа тартылған. Зардап шеккендерге көмек көрсетілуде.