Алматыда Жаңа жыл қарсаңында Үндістан азаматын тонап, лото клубқа қарақшылық шабуыл жасағандар ұсталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, қылмыстық топтың 27-жастағы екі мүшесі де бұрын сотталған, екеуі де - Түркістан облысының тумалары.
"Соталды тергеу амалдары барысында белгілі болғандай, күдікті азаматтар Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Үндістан елінің азаматын тонап, лото клубқа қарақшылық шабуыл жасаған. Екі жағдайда да олар травматикалық тапанша пайдаланған. Шетел азаматының ұялы телефоны мен ақшасын тартып алған, кейін лото клуб кассасынан 2 миллион теңге көлемінде қаражатты қолды еткен. Қарақшылық шабуыл кезінде аталған мекеменің күзетшісі жараланған", - деді Алматы қаласы Полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Қуатбек Науатов.
Оның айтуынша, аталған ауыр қылмыстарды ашу үшін арнайы жедел тергеу тобы құрылып, нәтижесінде жедел уәкілдер күдіктілерді Нұр-Сұлтан қаласында қолға түсірген.
"Кейін күдіктілер бұған дейін Алматы облысы, Қарасай ауданы аумағында орналасқан лото клубқа да шабуыл жасағаны анықталады. Қазіргі таңда ұсталғандар өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр", - деді Қуатбек Науатов.