12 там, 2020 сағат 11:13

Алматыда заңсыз саудадан 8,5 млн маска алынды

Алматыда заңсыз айналымнан 8,5 миллионға жуық бірреттік медициналық маска тәркіленді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы қаласы бойынша департаментінің қызметкерлері дәрі-дәрмектер мен масканы заңсыз жеткізушілерді анықтау бойынша жұмыстар жүргізді.

«Қолға алынған шара аясында Алматыда бірқатар рейдтер өткіздік. Дәрі-дәрмек тапшылығының себебін анықтау үшін біздің қызметкерлер «СҚ-Фармация» қоймасын толық тексеріп шықты»,– дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Нығметжан Сапаров.

Сонымен қатар, ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері Алматыға келген гуманитарлық көмектердің дұрыс таратылуын қадағалағанын атап өтті. 

Бұдан бөлек, заңсыз айналымнан 8,5 миллионға жуық бірреттік маска тәркіленген. 

«Осы маскалар бойынша қазіргі уақытта тергеу жұмыстары басталды. Тәркіленген медициналық маскалар арнайы сараптамадан өткеннен кейін, Алматы қаласының әкімдігіне тапсырамыз. Олар заңсыз айналымға қайта түспеуі үшін медициналық мекемелерге ақысыз жіберіледі деп үміттенемін», - деп атап өтті департамент басшысы.