12 қаз, 2020 сағат 09:38

Алматыда шашын боятпақ болған әйел басын күйдіріп алды

Сұлулық салонында шаш боятамын деп басын күйдірген әйел сот арқылы моральдық шығын өндіріп алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Іс материалдарына сәйкес, келіншек шашын сарғайтпақ болып сұлулық салонына келген. Алайда, шаштараздардың епсіздігінен басының терісі күйіп қалған.

«Сот медициналық сараптама нәтижесінде клиенттің денсаулығына жеңіл зақым келгені анықталды. 5 айға созылған емдеу курсына 600 мың теңге қаражат жұмсалған. Дауды сотқа жеткізбей шешу мүмкін болмағандықтан, әйел сотқа жүгінген», - деді Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінен.

Аудандық сот шешімімен әйелдің шағымы жартылай қанағаттандырылды. Сұлулық салонынан 600 мың теңге медициналық шығынға, 50 мың теңге моральдық өтемақы ретінде өндірілді.

Апелляциялық сот инстанциясы жауапкердің қарсы шағымын назарға алмай, сот үкімін өзгеріссіз қалдырды.

«Тұтынушының құқығы қорғалды. Сұлулық салонының басшылығы қызметкерлерінің біліктілігін арттырады деп ойлаймыз», - делінген соттың хабарламасында.