18 там, 2020 сағат 14:35

Алматыда полицейлер 190 келіге жуық есірткі тәркіледі

Алматы полицейлері 190 келіге жуық есірткі тәркіледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жыл басынан бері Алматы полициясы 252 есірткі қылмысын анықтады. Оның 87-сі есіркіні саудалаумен байланысты. Заңсыз айналымнан 188 келіден астам есірткі: оның ішінде 30 келі марихуана, 29 келі гашиш және 400 грамға жуық героин алынды. 

«Қазіргі уақытта жастар арасында кеңінен таралған синтетикалық есірткіні анықтау және жолын кесу бойынша арнайы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Шара барысында қылмыстық әрекетті жүзеге асыратын дилерлерді ұстау, есірткі сатуға арналған ресурстарды анықтау мақсатында ғаламтор кеңістігі бақылауға алынды», – дейді Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Алмағамбетов.

Сонымен қатар, ол Алматыда есірткі дайындайтын зертхананың анықталғанын атап өтті.

«Жүргізілген шаралардың арқасында есірткі жасайтын зертхана анықталды. Осы қылмысқа қатысы бар екі ер адам ұсталды. Олар – 1994 жылы туған Қ. және Н. есімді азаматтар. Зертхананы тексеру барысында әртүрлі сұйық заттар табылды. Сонымен қатар, жалпы салмағы 25 келіден асатын синтетикалық есірткі мен 75 келі прекурсор тәркіленді»,– дейді Е.Алмағамбетов.

Қазіргі уақытта, күдіктілер Алматы қалалық Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.