Алматыда пәтер ұрылары қылмыс орнында ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Полиция мәлеметінше, күдіктілер криминалдық полиция, Наурызбай аудандық полиция басқармасы мен полицияның арнайы жасақтарының жедел-іздестіру шараларының барысында ұсталған.
«Күдіктілер «Шұғыла» ықшамауданында орналасқан көпқабатты үлердің біріндегі пәтерді тонап, алтын бұйымдарды қолды еткен. Келген шығынның жалпы сомасы - 250 мың теңге. Күдіктілер қылмыс орнында ұсталды. Олар заттай айғақтардан құтылып үлгермеген. Тұтқындау кезінде алтын сақина мен алтын алқа тәркіленді және қылмыстық іс материалдарына тіркелді», – деді Алматы қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.
Ұсталғандар – 32 жастағы А. есімді Алматы облысының тумасы, 35 жастағы К. есімді ШҚО тумасы және 44 жастағы Б. есімді Жамбыл облысының тумасы.
Үшеуі де бұрын мүліктік қылмыс жасағаны үшін сотты болған.
Спикердің сөзінше, қылмыстық үштік мүшелері уақытша ұстау изоляторына қамалды. ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Бұл топтың Наурызбай ауданы аумағында жасалған 6 пәтер тонауына қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.