17 қыр, 2021 сағат 11:25

Алматыда монша кешені түріндегі астыртын казино қызметінің жолы кесілді


Алматыда монша кешенінде жасырын казино жұмыс істеп келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ойын бизнесі туралы» ҚР Заңының 11-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында заңда белгіленген орындардан тыс казино және ойын автоматтарының қызметіне тыйым салынған. 

Агенттіктің Алматы қаласы бойынша аумақтық департаменті қызметкерлері Алматы қаласындағы монша кешендерінің бірінде орналасқан астыртын казино қызметінің жолын кесті. Тексеру кезінде мекемеде 23 ойыншы, сондай-ақ қызмет көрсетуші персонал болғаны анықталды. Қызметкерлер шұға, түрлі номиналдағы ойын фишкасын, пластик карталарды тәркіледі. 

Сонымен қатар, астыртын казинода тек тұрақты клиенттерді өткізу жүйесі жасалған. Ойыншылардың қаражатын қабылдау казино ұйымдастырушыларының карта шотына аудару арқылы жүзеге асырылды.

«Қазіргі уақытта заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі басталды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етуге жатпайды», деп мәлімдеді ведомстводан.