23 жел, 2021 сағат 19:24

Алматыда «Microsoft» компаниясының жалған өнімін жеткізушілер ұсталды


Жалған тауарлардың әлемдік нарығы жыл сайын әр түрлі атаулармен толықтырылып отырады. Қылмыскерлер тұтыну тауарларын да, интернет қосымшалары мен бағдарламалық өнімдерді де қолдан жасаумен айналысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша аумақтық департаменті «Microsoft» лицензиясы жоқ бағдарламалық жасақтамасын сату арнасының жолын кесті.

Жедел-тергеу іс-шаралары барысында зиянкестер бірқатар жалған компанияларды пайдалана отырып, «Microsoft» компаниясының өнімін жеткізуге ең төмен баға ұсынысымен мемлекеттік сатып алуға қатысқандығы анықталды.

Конкурстық іріктеу қорытындылары бойынша олар жеңімпаз деп танылып, жалпы сомасы 50 млн теңгеден астам бірқатар мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелердің атына ресми бағдарламалық жасақтама түрінде жалған іске қосу кілттері бар «Microsoft Office Professional» лицензиясы жоқ бағдарламалық жасақтамасын жеткізген.

Қазіргі уақытта Алматы қаласының тергеу соты үш тұлғаға қатысты 2 ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.

Өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді.