Алматыда мас жүргізуші полиция қызметкерін қағып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, түнде «Буран-227» патрульдік экипажы Қабанбай батыр көшесінде қарама-қарсы бағыттағы жолақта келе жатқан «Hyundai» автокөлігін тоқтатты.
«Полиция қызметкерлерінің талаптарына мән бермеген көлік жүргізушісі қаша жөнелген. Бірден радиостанция арқылы патрульдік жасақтарға көрсетілген көлікке бағдар берілді және оның қозғалысының координаттары дереу таратылды. Талғар қаласының бағытындағы экологиялық постта қызмет етіп тұрған полиция аға лейтенанты Мейіржан Бисембаев құқық бұзушыны тоқтатуға тырысты, ол тоқтамастан, инспекторды толық жылдамдықпен қағып кетті», - дейді Алматы қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Манап Саттаров.
Түрлі дене жарақатын алған полиция қызметкері ауруханаға жеткізілді.
«Hyundai» жүргізушісі ұсталды. Құқық бұзушы – 1962 жылы туған У.есімді азамат. Оның көлікті мас күйінде басқарғаны анықталды. Бұл факт ҚР ҚК-нің 346-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді», - деді полиция өкілі.