08 қар, 2021 сағат 23:50

Алматыда ломбардтан 40 млн теңгенің алтынын ұрлаған күдікті ұсталды


Алматыда арнайы операция барысында ломбардтан құны 40 миллион теңгеден асатын зергерлік бұйымдарды ұрлаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«11 қыркүйекте Алматы облысы Қарасай аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне Қаскелең қаласының 54 жастағы тұрғыны ұрлық жасалғаны туралы арыз түсірді. Ол ломбардтан жалпы құны 40 миллион теңгенің зергерлік бұйымдары ұрланғанын айтты. Жәбірленушнің сөзінше, ұры ішке қабырғаны бұзып кірген», - деп хабарлады Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен. 

Аталған факт ҚР Қылмыстық кодекстің 188-бабы 3-бөлігі бойынша тіркелді. 

Арнайы ұйымдастырылған жедел-іздестіру шарасы барысында Алматы облысы ІІД криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері ұрлық жасағаны үшін бірнеше рет сотталған 36 жастағы күдіктіні анықтады. 

Ол - Екібастұз қаласының тумасы. 

Ер адам жалдамалы пәтерлерде тұрып, мекенжайын жиі ауыстырған. 

«Алматыда арнайы жасақ сарбаздарының қатысуымен жүргізілген операция барысында 6 қараша күні күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ер адам ұрлық жасағанын мойындады. Ол ломбардқа дабылды өшіріп, арнайы құрылғының көмегімен қабырғаны бұзып кіргенін айтты»,- деп атап өтті ведомствадан. 

Ол ұрланған зергерлік бұйымдарды алыпсатарларға өткізген. 

Түскен ақшаға кепілде тұрған әйелінің көлігі мен өзіне су жаңа қымбат көлік сатып алғаны белгілі болды.