08 қаз, 2021 сағат 14:49

Алматыда құрылыс алаңында жұмысшы әйелді зорлаған бригадирге үкім шықты


Алматыда осы жылдың көктемінде құрылыс алаңында жұмысшы әйелді зорлаған бригадирге қатысты сот үкім шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кінәлі деп танылған Ж. есімді азаматқа қатысты қылмыстық іс Алматы қаласы Бостандық ауданының №2 аудандық сотында қаралды. 

Биылғы жылдың наурыз айында айыпталушы Ж. жәбірленуші А-ны кездесуге шақырады. 

Құрылыс алаңында жұмыс істейтін екеуі контейнер түріндегі үйде кездесіп, ішімдік ішкен, содан кейін сотталушы жәбірленушіні зорлаған. 

Сотталушы сотта өз кінәсін мойындаған жоқ. Жәбірленуші соттан оны бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал прокурор 7 жылға соттауды сұрады. 

«Сот үкімімен Ж. кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот оның бұған дейін істі болмағанын және қарт анасы мен кәмелет жасына толмаған балалары барын ескерді. Үкім заңды күшіне енген жоқ», - деп хабарлады аудандық соттың баспасөз қызметі.