Алматыда көлік терезесін сындырған ер адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 26 жастағы жігіттің заңсыз әрекеті тұрғын үйлердің кіреберісіне орнатылған бейнебақылау камераларына жазылып қалған.
«Бұл дерек әлеуметтік желілер арқылы белгілі болды. Ол кезде полицияға ресми арыз түскен жоқ. Соған қарамастан, бөтеннің мүлкін ұрлау дерегі ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Жедел іс-шаралар барысында көліктері дәл осындай жолмен тоналған тағы алты жәбірленуші анықталды. Күдікті – 1996 жылы туған Б. есімді азамат ұсталды», - дейді Жетісу аудандық полиция басқармасының бастығы Дархан Мұсанов.
Күдікті көліктердің терезесін сындырып, ішінен бейнетіркегіштерді ұрлаған.
Бүгінгі күні ол екі ұрлық жасағанын мойындады.