Қазақстандық әнші әрі актриса Салтанат Құдайбергеноваға такси жүргізушісі шабуыл жасады. Бұл туралы әлеуметтік желілерде белгілі болды. Полиция департаменті жағдайға түсінік берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Telegram-арналардың бірінде такси жүргізушісі мен әнші арасындағы жанжал Наурызбай батыр мен Шевченко көшелерінің қиылысында болғаны хабарланған.
"Алматы қаласында "Индрайвер" такси жүргізушісі қазақстандық танымал актриса әрі әншіні ұрып-соғып, қашып кетті", - делінген видео сипаттамасында.
Алматы полициясы оқиғаны растады.
"Жәбірленуші алған жарақаттардың ауырлық дәрежесін анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды. Содан кейін заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады.
Алдын ала мәліметтер бойынша, жәбірленуші мен такси жүргізушісі арасында жанжал шыққан. Такси жүргізушісі анықталды. Оның әрекетіне құқықтық баға беріледі", - деді Алмалы аудандық полиция басқармасының басшысы полковник Есен Ысқақов.
Салтанат Құдайбергенова әнші және актриса ретінде танымал. Ол "Кенже", "Бикештер" сериалдарына түскен, "Томирис" фильмінде ролі бар. "Арыс жағасында", "Сәлем", "Кең жайлау" және басқа да әндердің орындаушысы.