13 қаз, 2020 сағат 11:11

Алматыда қарияны соққыға жыққан адам ұсталды

Алматылық полицейлер қарияны көлік тұрағында соққыға жыққан бұзақыны ұстады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Түрксіб аудандық полиция басқармасының мәліметінше, Алматыда ер адам қария үйінің жанында итпен серуендеп жүрген кезінде ұрып кеткен. Оқиға Ж.Молдағалиев көшесінде болған. 

«Егде адам итпен таңғы сағат алтылар шамасында серуендеп жүрген кезінде иті көлік тұрағына қарай жүгірген. Иттің соңынан ерген ол кенеттен соққыны сезген, белгісіз себептермен бейтаныс біреу басынан ұрып, жағын сындырып, оқиға орнынан қашып кеткен. Қарт адам жарақаттан құлап, біраз уақыт тротуарда қансырап жатып қалған. Өтіп бара жатқан адамдардың бірі таяқ жеген адамды байқап, оған жедел жәрдем және полицияны шақырған. Жәбірленуші қашып кеткен ер адамның көлігінің маркасын айта алмады. Біраз уақыттан кейін ауданның учаскелік полиция қызметкерлері күдіктіні анықтады. Ол ұсталып, кінәсін мойындады», - деді Түрксіб аудандық полиция басқармасының бастығы Еркін Амантаев. 

Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 107-бабы (Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру) бойынша қылмыстық іс қозғалды.