21 ақп, 2022 сағат 23:25

Алматыда ірі көлемде қаражат пен есірткі сақтаған 61 жастағы азамат ұсталды


Алматыда 61 жастағы Г. есімді азамат есірткіні көтерме және бөлшек саудада сатумен айналысқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Күдіктіні ұстамас бұрын полиция қызметкерлері жедел және арнайы шаралар кешенін жүзеге асырды. Дәлелдеме базасы жеткілікті көлемде жинақталды. 

«Күдікті күндізгі уақытта гараж кооперативтерінің бірінің аумағында ұсталды. Біздің мәлімет бойынша, күдікті сатуға дайындалған қылмыстық затты сол жерде сақтаған. Тінту кезінде гашиш салынған 13 бума, марихуана салынған 13 бума, ПМ-9мм тапаншасының бір патроны, 740 мың теңге көлемінде қолма-қол ақша, 1 150 доллар, 50 еуро табылып, тәркіленді. Тәркіленген зат сот-химиялық сараптамаға жіберілді», — деді Алматы қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Әлмағамбетов.

Сондай-ақ, полиция шаһарға шөпті жеткізу арнасы мен есірткі сатушының тұрақты тұтынушылары анықталатынын, қазіргі уақытта Г. есімді азамат уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады.