28 ақп, 2022 сағат 18:16

Алматыда есірткі жасайтын жасырын зертхана жойылды



Алматы полицейлері ірі есірткі зертханасын жойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, синтетикалық есірткі шығаратын цех «Қалқаман» шағын ауданындағы жеке үйдің жертөлесінде орналасқан. 

Белгілі болғандай, үй өткен жылдың қазан айында жас жігітке жалға берілген. 

«Тінту кезінде полиция қызметкерлері мефедрон синтетикалық психотроптық затын өндіру кезінде қылмыскерлер пайдаланған ұнтақ және кесек түріндегі заттарды, химиялық заттар салынған пластик ыдыстарды, сұйықтықтары бар колбаларды, электронды таразыларды және басқа да құралдарды тәркіледі. 

«Күдікті ретінде 23 жастағы азамат О. ұсталды. Толық емес медициналық білімі бар жас жігіт есірткі өндірісін жолға қойған. Барлығы есірткі зертханасында бірнеше келі кептірілген заттар тәркіленді. Олардың түсі әртүрлі: ақ, қара, жасыл, қоңыр. Бір қаптама қоңыр «шөптің» салмағы шамамен 160 грамм, ақ – 500. Жертөледен табылғанның бәрі сот-химиялық сараптамаға жіберілді», - деді Алматы қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Әлмағамбетов. 

Сотқа дейінгі тергеу басталды.