Әлеуметтік желіде бейтаныс бойжеткеннің жол бойына жүгіріп шығып, көлік жүргізушісінен жанұшыра көмек сұрағаны түсірілген видео тарады. Оқиға Алматы қаласында болған, деп хабарлады "Ұлт ақпарат".
Аталған бейнежазбаны өзінің Telegram арнасында журналист Михаил Козачков жариялады. Оның сөзінше, видеоны Рүстем атты азамат жіберген.
«Ол 28 шілденің түнінде Алматының төменгі жағында өз шаруаларымен жүрген кезде жолдың бойына бейтаныс қыз атып шығып, көмек сұрағанын айтты. Артынан жас жігіт те шығады, бірақ Рүстем оған дейін қызды көлігіне отырғызып, жүріп кетеді» - деп жазды Козачков.
Қазір полиция осы оқиғаға қатысты тергеу жұмыстарын бастады. 2000 жылы туған азаматша Б.-ны зорлауға әрекеттену фактісі тіркелген. Істі Жетісу аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қарап жатыр.
«Жәбірленуші қыз осы оқиғадан біраз уақыт бұрын алкогольдік ішімдік ішкен танысынан күдіктенеді. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Шұғыл тергеу тобы құрылды» - дейді Алматы қалалық ПД баспасөз қызметі.