27 сәу, 2022 сағат 18:31

Алматыда дәрігерді атқан күдіктінің ісіне тағы бір бап қосылды


Алматыда дәрігерді атып өлтірген күдіктінің ісіне тағы бір қылмыстық бап қосылды. Оған Юрий Шумковты өлтіремін деп қорқытты деген айып тағылып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қамауға алынған күдіктіге қатысты тағы бір бап қосылды. Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 115-бабы (Адам өлтіремін немесе денсаулыққа ауыр зиян келтіремін деп қорқыту, сол сияқты адамға қатысты өзге де ауыр күш қолдану) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», - деп хабарлады қалалық прокуратураның баспасөз қызметі. 

Оқиға болған күні Бостандық аудандық полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеуді бастаған болатын. Қозғалған қылмыстық істер біріктірілді. Қазір ол Алматы қалалық полиция департаменті жедел-тергеу тобының өндірісінде. Қылмыстық істің себебі мен басқа да мән-жайларын анықтауға, сондай-ақ толықтығын қамтамасыз етуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

«Қылмыстық іс бойынша процессуалдық прокурор тағайындалып, оған ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 197-бабына сәйкес жазбаша нұсқау берілді», - деп атап өтті ведомствадан.