19 қаң, 2022 сағат 23:45

Алматыда бүлік кезінде жеке үйлерге шабуыл жасаған қарулы топ ұсталды


Алматы полициясы жеке үйлерге қарулы шабуыл жасаған қылмыстық топты ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, ұсталғандар 29 бен 36 жас аралығындағы 4 ер адам. Белгілі болғандай, олар Алматы облысының тұрғыны. Екеуі – бұрын тонау және бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін сотталған. 

«Қаңтардың 5-нен 6-на қараған түні жаппай тәртіпсіздіктер кезінде бүлікшілер жеке күзет ұйымдарының қызметкерлеріне бірнеше рет шабуыл жасап, олардың қызметтік қаруларын тартып алған. Одан кейін жеке үйлерге басып кіріп, үй иелерін автоматпен және басқа да атыс қаруымен қорқытып, жеке мүлкі мен екі автокөлікті иемденген. Бұл қылмыстарды ашуға қаланың криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері көмектесті», – дейді Медеу аудандық полиция басқармасының бастығы Дәурен Өтебаев. 

Күдіктілер қамауға алынды. 

Полиция өкілінің айтуынша, заттай айғақтар, оның ішінде күзетшілерден тартып алынған қарулар тәркіленіп, ҚР ҚК-нің 192-бабы және 291-бабы бойынша тергеліп жатқан қылмыстық іс материалдарына тіркелді. 

Қазір ұсталғандардың басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.