27 сәу, 2021 сағат 14:48

Алматыда белгісіз ер адам оқушыға шабуылдады


Алматыда көпқабатты үйдің кіреберісінде белгісіз ер адам мектеп оқушысына шабуыл жасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл туралы оқушының анасы әлеуметтік желіде жазды. 

Әйелдің айтуынша, ұлы подъезден шығып бара жатқанда күтпеген жерден бейтаныс адам мұрнынан бірнеше рет соққан. 

«Бұл адам 21 сәуір күні кешкі сағат 21:05 шамасында «Тастақ» ықшамауданында орналасқан көпқабатты үйдің кіреберісінде менің ұлыма негізсіз шабуыл жасады. Ұлым оны танымайды, бірінші рет көріп тұр. Менің ойымша, ол есірткіге тәуелді адам болуы мүмкін. Оны біздің үйдің тұрғындарының ешқайсысы танымайды. Ол туралы ақпарат жоқ. Шабуылдың видеосы бар, біз полицияға жүгініп, арыз жаздық», - деп жазды алматылық әйел. 

Қалалық Полиция департаменті бұл факті сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелгенін мәлім етті. 

«Алмалы аудандық полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тергеу аяқталғаннан кейін толық ақпарат береміз», - деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдрахманов.