Алматы полицейлері әйелге қарақшылық шабуыл жасаған ер адамды ұстады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Алматы қалалық Полиция департаменті таратқан мәліметке сәйкес, Бостандық ауданы Радостовец көшесіндегі үйлердің бірінен «102» пультіне сағат 00:50-де қоңырау келіп түскен. Онда көрші пәтерден көмек сұрап айқайлаған дауысты естігені айтылған.
«Біз сол мекенжайға дереу жеттік. Үйдегі адам есікті ашпай, ешқандай көмек керек емес екенін айтты. Бірақ, әйелдің дауысы үрейлі болып көрінді. Сондықтан мәселенің анық-қанығына көз жеткізбей, оқиға орнынан кетпедік. Ал есікті ашуды сұрағанда, ешкім жауап қатпады. Әріптесім кілт саңылауынан қарағанда бетперде киген ер адамның әйелдің тамағына пышақты тақап тұрғанын байқады» - деді Алматы қалалық ПД Жол-патрульдік полиция полкінің инспекторы Нұрдос Тұрлыбек. Осыдан соң полиция үйге кіріп, күдіктіні ұстаған.
Тексеру барысында күдіктінің бұрын төрт рет сотталғаны анықталды.
Қалалық криминалдық полицияның мәліметінше, күдікті көшеде қыздың соңынан түсіп, оның пәтеріне баса-көктеп кірген. Үйде ешкім болмаған.
«Ол пышақпен қорқытып, жәбірленушіден құнды заттары мен ақша беруді талап еткен. Алайда көршінің дер кезінде хабар беруі арқасында қаскөйдің қылмысы іске аспады. Ол қамауға алынды. Қылмыстық іс Бостандық аудандық полиция басқармасында тергелуде. Оқиға орнынан заттай айғақтар алынып, іс материалдарына тіркелді», – деді Алматы қалалық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Еркін Іңкәров.