Алматыда 19 жастағы студент Аяжан Еділованы өлтірді деген қылмыскерге сот үкімі шықты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Tengrinews.kz агенттігіне сілтеме жасап.
Сот отырысы Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі Мамандандырылған ауданаралық сотында жабық өтті. Төрағалық етуші судья Еркін Майшинов іс материалдарымен танысып, мынадай үкім шығарды:
"Сотталушы Төребековке Қылмыстық кодекстің 120-бабы "Зорлау" бойынша 11 жылға бас бостандығынан айыру, ал 99-бабы "Адам өлтіру" бойынша 19 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Сотталушыға 25 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын.
Жәбірленушілерге 26 миллиард 358 миллион теңге түріндегі моральдық залал төлеу ішінара қанағаттандырылды. Сотталушы Төребековтен жәбірленушілердің пайдасына 20 миллион теңге көлемінде моральдық шығын өндіріп алынсын", - деді судья.
Сот барысында ол бойжеткенді зорлады деген айыппен келіспей, тек кісі өлтіргенін ғана мойындаған еді.
Аяжан Еділованың өлімі бойынша сот отырысы 9 қарашада басталды. Іс Алматы қаласының аса ауыр қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жабық режимде қаралды. Аяжанның отбасының атынан сотқа қатысқан қорғаушы Қадіржан Ғалымжанұлы қылмыстық іс 30 томнан тұратынын және 30-ға жуық сараптама өткізілгенін мәлімдеді.
Еске салайық, 19 наурызда Алматы қаласының тұрғыны Аяжан Еділова жұмыстан шығып, үйіне оралмаған. Бірнеше күннен кейін Алматы полиция департаменті қыздың қаза тапқанын хабарлады. Жедел-іздестіру шараларын өткізу барысында бойжеткеннің жоғалып кеткен күні жаңа танысымен кездесуге кеткені анықталған. Бұл туралы Алматы қаласы ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Еркін Іңкәров мәлімдеді. Күдікті - 1993 жылы туған азамат, Түркістан облысының тұрғыны ұсталды.