14 қаз, 2021 сағат 14:00

Алматыда анасын өлтірген жасөспірім психикалық ауруханаға жатқызылды


Кәмелеттік жасқа толмаған алматылыққа анасын өлтіргені үшін медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

8 қаңтарда 15 жасар жасөспірім үйінде қысқатолқынды пешті пайдаланып қағаздарды өртеп жіберген. Өртті байқаған ана оған ескерту айтып, отты сөндіреді. Сол сәтте жасөспірім асхана пышағын алып, оның мойны мен кеудесіне бірнеше рет сұғып алған. Әйел оқиға орнында көз жұмды.

Сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысы жасөспірім қылмыс жасау кезеңінде психикалық бұзылуларға байланысты (параноидты шизофрения) өзінің әрекетінің қауіптілігін сезіне алмайтынын анықтады.

«Кәмелетке толмаған жігіт сот үкімімен қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары тағайындалды (психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емделу», - деді Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.