Алматы полициясы азаматтарды алдап, 400 млн теңгесін қолды еткен ер адамды қамауға алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қалалық ПД тергеу басқармасы 43 жастағы ШҚО тумасына қатысты тергеу амалдарын бастады.
Ол 2014 жылдан бастап елге «Хан Тәңірі» тұрғын үй кешенінен мемлекеттік бағдарламамен жалға берілетін үй алып беремін деп уәде еткен. Сонымен қатар, электронды саудадан жер учаскелерін, көлік алып беремін деп алдаған.
Осылайша 400 млн теңге материалдық шығын келтірген.
«Бұл дерек бойынша ҚР ҚК 190-бабының 4-бөлімімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен күдіктіні қамау туралы бұлтартпау шарасы қабылданды», – деді ПД бөлім басшысы Әділ Салаев.
Полиция осы адамның әрекетінен зардап шеккен адам болса, 261-84-90, 254-40-59, 8-775-284-55-56 телефондарына хабарласуын сұрайды.