10 ақп, 2023 сағат 13:46

Алматыда 8 жасар оқушы қаламның ішіндегі серіппені жұтып қойды


Алматыдағы №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасына қаламның ішіндегі темір серіппені жұтып қойған оқушы шұғыл жағдайда түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аурухананың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 8 жасар бала ауруханаға түсер алдында 3 сағат бұрын аузына салып шайнап отырған қаламның серіппесін күлген кезде жұтып қойған, ол тыныс алу жолдарына түскен.

Біраз уақыттан кейін бала жөтелге, тыныс алудың ауырсынуына шағымданған. Ата-анасы баланы №2 балалар қалалық клиникалық ауруханасының жедел жәрдем бөлімшесіне жеткізеді. Баланы мамандар тексеріп, кеуде қуысының рентгенографиясын жасады. Рентгенограммада оң жақ бронхта бөгде зат бар екені анықталды. Бірден ауруханаға жатқызылып, манипуляцияға дайындық жасалды.

«Жалпы анестезиямен қатаң трахебронхоскопия жасалды. Оң жақ негізгі бронхтан жанама зат (серіппе) анықталды. Айта кету керек, негізгі бронхтардағы бөтен денені диагностикалау өте қиын.

Серіппе арнайы «крокодил» қыстырғышымен алынады», - дейді №2 балалар қалалық клиникалық ауруханасының хирургиялық бөлімшесінің меңгерушісі Марат Қаптағаев.

Оның айтуынша, тыныс алу жолдарының бөгде денелері балалық шақта жиі кездесетін патология. Көбінесе бұндай жағдай 1-15 жас аралығындағы балалар арасында кездеседі. Балаларда 70-80% жағдайда бөтен денелер трахея мен бронхтарға «тайып», тыныс алу жолдарының ішінара немесе толық бітелуіне әкеледі.

Басқа жағдайларда бөгде зат дауыс байламдарының үстінде, жұтқыншақ, кеңірдек деңгейінде тұрып қалады. Үлкен заттар жөтелді, асфиксияны тудырады, сөйлеу функциясы бұзылып, баланың өміріне қауіп төндіруі мүмкін.

«Бөтен денелерді алып тастағаннан кейін кейбір науқастарға оңалту шараларын жасау қажет болады. Ал асқынған бөгде денелерді алып тастағаннан кейін микробқа қарсы препараттарды профилактика ретінде қолдану қажет. Болжам көбінесе науқастың жасына байланысты. Бұндай жағдай нәрестелер мен өмірдің алғашқы жылдарындағы балалар үшін өте ауыр. Балаға тамақ ішу кезінде сөйлесуге, күлуге, жүгіруге рұқсат етпеңіз. Кішкентай балаларға ұсақ ойыншықтар мен ойыншық бөлшектерін, сағызды аузына салуға жол бермеңіз», - деп кеңес береді дәрігер.