Алматыда жеті жасар қызды шешіндірмек болған 19 жастағы жігіт ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz порталына сілтеме жасап
Оқиға түскі сағат 13:00-де Түрксіб ауданындағы үйлердің бірінде болған.
«7 жастағы қыз дүкеннен үйіне кіріп келе жатқан. Оның артынан ер адам қоса кіреді. Баланы қолына алып, баспалдақпен қайтадан төменге түседі. Кейін оны камераға түспейтін қуысқа алып кіргені көрінеді. Онда ер адам баланы шешіндіріп, тиісе бастаған. Бала қашып шығады. Үйіне келіп, болған жағдайды анасына айтып берген. Анасы бірден полицияға хабарласты. Бұл қылмысты «ізін суытпай» ашуға көмектесті», - деді Алматы қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов.
Күдікті қамауға алынды. Бұл 2002 жылы туған Ф.есімді азамат. Ер адамның ақыл-есі кем деп есепте тұрғаны анықталды. Ол сол ауданда тұрады.
«Бұл факт сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде ҚР ҚК-нің 124-бабы 1-бөлігі бойынша тіркелген. Қылмыстық істер бойынша тиісті тергеу шаралары мен сараптамалық зерттеулер жүргізілуде», – деді Әбдірахманов.