Алматыда 27 млн теңге қарызы бар «Toyota» жүргізушісі «Борышкер» іс-шарасы кезінде ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Алматыда сот орындаушылары мен Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері бірлесіп, «Борышкер» жедел-алдын-алу іс-шарасын өткізді.
«Іс-шара кезінде қатардағы бөлімшелердің жеке құрамына көлік құралдарын тоқтатудың негіздері мен тәртібі айтылды. Салынған айыппұлдар туралы хабарлама кезінде азаматтармен қарым-қатынас жүргізу пысықталды. Сондай-ақ мамандандырылған айыппұл тұрағына көлік құралдарын орналастыру тәртібін анықтайтын ҚР ІІМ бұйрықтар мен нұсқаулықтардың талаптарын бұлтартпау және қатаң сақтау қағидаттары туралы хабардар етілді. 3 күн ішінде 21 автокөлік мамандандырылған автотұраққа қойылды. Көлік жүргізушілеріне 2 млн 72 мың теңге қарыздары бар екендігі туралы хабарламалар берілді», – деді Алматы қалалық Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жандос Мұраталиев.
Мысалы, рейд кезінде тоқтатылған «Lada Granta» көлігінің 31 жастағы жүргізушісінің 1 млн теңге айыппұл төлемегені анықталды.
Тағы бір автокөлік жүргізушісі бір апта ішінде жол қозғалысы ережелерін сегіз рет бұзған. Бұл жолы айыппұлдың мөлшері 119 мың теңгеден асты.
9 қарашада Достық даңғылымен келе жатқан «Toyota» көлігі тоқтатылған. Көлік иесінің төленбеген 27 млн теңге қарызы бар болып шықты.