12 қар, 2020 сағат 17:51

Алматыда 150 адамдық той өткізген мейрамхананың жұмысы тоқтатылды

Алматы қаласының Бостандық ауданы әкімінің орынбасары Жанар Сәдуақасова онлайн брифинг барысында карантинді сақтамаған нысандар туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оның айтуынша, аудандағы мониторинг тобы адамдар көп жиналатын нысандарда карантин шаралары қалай жүргізіліп жатқанын қатаң бақылауда. Тек 8 қарашадан бері 384 нысанды тексеріп үлгерген. Нәтижесінде 57 нысанның карантин ережелерін бұзғаны анықталған. Ол бойынша 7 хаттама толтырылып, 2 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. Оның ішінде 6 жағдай маска тағу режимін бұзу бойынша тіркелген. 

«Қазір аудандағы мониторинг топтар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.Сондай-ақ оның қатарында қоғам белсенділері мен Jas Otan-дықтар, волонтерлер бар. Олар өткен түнде 59 нысанды тексерді. Тексеріс кезінде 51 нысан жабық болған, ал 8-інде заңбұзушылық тіркелді. Мейрамхана, компьютерлік клуб сияқты 5 нысанның жұмысы бірден тоқтатылып, келушілер шығарылды. Сонымен қатар, келушілер саны 50 пайыздан асып кеткен сауна тіркелді. Бұдан бөлек 150 адам жиналып, қыз ұзату жасап жатқан «Хан сарайы» мейрамханасының жұмысы тоқтатылды», - деді Жанар Сәдуақасова.