Алматы полициясы банк бөлімшесін тонауға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Еске салайық, оқиға 15 қазан күні болған. Алматыда қаруланған екі қарақшы Kaspi банк филиалына шабуыл жасады. Белгісіз адамдар банк қызметкерлерін қарумен қорқытып, алдын ала мәліметтер бойынша, 2 млн теңгені алып кеткен. Қарақшылардың бірі балтамен кассаның шыны терезесін сындырып, ішке енген.
«Бұл факті сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабы, 3-бөлігі бойынша тіркелді. Арнайы жедел-тергеу тобы құрылды, олардың жұмысы қылмысты ашуға және күдіктілерді қамауға алуға бағытталған. Тергеу барысы Алматы қалалық Полиция департаменті басшылығының бақылауында», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.