13 ақп, 2023 сағат 17:38

Алматы-Петропавл пойызында қызды зорламақ болған ер адам ұсталды

Фото: gov.kz

6637 әскери бөлімінің әскери қызметкері - майор Еркін Жантурин жолаушылар пойызында қызды қорлауды жоспарлаған ер адамды ұстады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

10 ақпанда сағат 18.00 шамасында "Алматы-Петропавл" бағытындағы жолаушылар пойызында кезекті іс-сапардан келе жатқан майор Еркін Жантурин көршілес купеден көмекке шақырған қыздың айқайын естиді. Дауыс шыққан орынға жақындағанда, біреудің купе ішінде есікті әдейілеп жауып тұрғанын байқайды. Есікті күшпен ашқан сәтте, ол бұрышта үрейленіп отырған қызды көреді. Ал қасындағы ер адам қыз баланы қорлауға тырысқан.

Офицер оны лезде ұстап алады. Қыздың айтуы бойынша, бір купеде келе жатқан азамат оған таныс емес.

Ер адам "Сарышаған" станциясындағы аялдамада полиция қызметкерлеріне тапсырылған.

"Оқиға кешкі уақытта орын алды. Мейрамхана вагонынан кешкі ас ішкеннен кейін купеге келіп, тынығайын деп жатқаным сол еді, жас қыздың көмек сұрап, айқайлаған даусын естідім. Купеге кірген кезде ер кісінің қызды қорлауға тырысып жатқанын байқадым және оны дереу ұстадым", - деді майор.

Қарағанды облысының 36 жастағы тұрғынына қатысты қылмыстық іс қозғалды.