Алматы облысында жазасын шартты түрде өтеп, пробациялық бақылауда жүргендерге тексеріс өткізілді. Нәтижесінде 48 адамның ісі сотқа қайта жолданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Жедел-алдын алу іс-шарасының қорытындысы бойынша облыста сотталғандар тарапынан 32 бұзушылық анықталды. 48 адамға қатысты аудандық соттарға бас бостандығын шектеу жазаларын бас бостандығынан айыруға ауыстыру туралы материалдар жолданды. Сондай-ақ, жұмылдырылған қызметкерлердің күшімен іздеуде жүрген 7 сотталған адамның орналасқан жері анықталды. Қазіргі уақытта олар тергеу изоляторына қамалып, сот процесін күтуде», - деді Алматы облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының міндетін атқарушы Қанат Ашов.
Ведомствоның ақпаратына сәйкес, Алматы облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде 21-27 маусым аралығында «Шартты түрде сотталғандар» жедел алдын алу іс-шарасы өткен.
«Шара пробация қызметкерінің есебінде тұрған сотталғандар тарапынан жасалатын құқық бұзушылықтың және қылмыстың қайталануының алдын алу. Сондай-ақ іздеу жарияланғандардың тұрғылықты жерін анықтау мақсатында ұйымдастырылған.
Жалпы осы іс барысында облыс бойынша 78 пробация қызметкері, 48 жергілікті учаскелік полиция инспекторлары жұмыс істеді», - деп толықтырды аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.