Алматы облысының полицейлері үш адамды өлтіру қылмысын ізін суытпай ашты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
24 ақпан күні таңертең тұрғын үй пәтерлерінің бірінде зорлықпен өлтіру белгілері бар 3 адамның денесі табылғаны туралы хабар түскен. Полицейлер қаза болғандардың тұлғасын анықтады. Көз жұмғандардың барлығы бейәлеуметтік өмір сүру дағдысын ұстанған және ішімдікке әуес болған. Қылмысты жасады деген күдікпен олардың танысы ұсталды.
Сол күні барлығы қосылып, спиртті ішімдіктер ішкен. Күдікті қылмыс жасағаннан кейін оқиға орнынан қашып кеткен. Ал қылмыс құралын лақтырып жіберген.
Бірақ полицейлер оны бір тәулік ішінде іздеп-тапты. Ол қылмысын мойындады.
Күдікті – бұған дейін бұзақылық үшін істі болған, Ескелді ауданының 26 жастағы тұрғыны. Қазіргі уақытта уақытша ұстау абақтысына қамалды, айғақзат тәркіленді.
ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы, 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жарияланбады.