03 қыр, 2020 сағат 09:26

Алматы облысында із-түзсіз кеткен 14 жасар қыз үш аптадан кейін табылды

Алматы облысының полицейлері жоғалған қызды іздеп тапты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 9 тамызда Іле аудандық полициясының кезекші бөліміне Междуречинск кентінің 56 жастағы тұрғыны 9-сыныпта оқитын 14 жасар немересінің белгісіз бағытта кетіп, қайта оралмағанын айтып арызданған. Осы өтініш ресми тіркелгеннен кейін полицейлер жедел түрде жасөспірімді іздеуге кірісті. 

Із кесушілер қыздың әкесімен және әжесімен бірге тұратынын, ал қыздың анасы басқа қалада бөлек тұратынын анықтады. Жасөспірім үйден кетер алдында әкесі мен қыздың арасында келіспеушілік болған. 

Қызды іздеу жұмыстарына криминалдық және ювеналдық полиция қызметкерлері, учаскелік полиция инспекторлары мен еріктілер жұмылдырылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде іздеудегі жасөспірім аман-есен 30 тамыз күні Қарасай ауданындағы «Алтын Орда» базарының аумағынан табылды. Қыз кафелердің бірінде даяшы болып жұмыс істеген және сонда тұрып келген. 

Аман табылған қызды тәртіп сақшылары үйіне қайтарып, әжесіне табыстады. Қария полицейлердің табанды ізденісі және кәсіби шеберлігі үшін алғысын айтты. Отбасынан қашып кеткен кәмелетке толмаған бала арнайы есепке алынды. 

Қыздың әкесіне ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 127-бабы 3-бөлігі мен 442-бабы 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды.