Алматы облысында алкогольді өнім дайындайтын зауыттың көлеңкелі қызметінің жолы кесілді. Бұл туралы ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.
ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі мемлекеттік кірістер органдарымен бірлесіп, Алматы облысының аумағында өнеркәсіптік ауқымда алкогольді өнімдер шығаратын зауыт қызметінің жолын кесті.
Тінту барысында жалған есепке алу-бақылау маркалары бар 20 атаулы 170 мыңнан астам бөтелке ішімдік анықталды.
Сонымен қатар, көрсетілген өнімдер сертификатталмаған және адам денсаулығына орны толмас зиян келтіруі мүмкін еді.
Аталған факт бойынша тергеу амалдары жүргізілуде, ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес басқа мәлімет жария етуге жатпайды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша әлемде суррогат өнімдерінің кесірінен жыл сайын 3 миллионнан астам адам қаза болады. Алкоголь зауытының заңсыз қызметінің жолын кесудің арқасында мыңдаған қазақстандықтардың өмірін сақтау мүмкін болды.